Главная » Файлы » қазақтың салт-дәстүрі туралы » қазақтың салт*-дәстүрі

қыз ұзату
03.05.2013, 23:12

Қыз ұзату

Қалың мал, - қазақта қызды малға сатады деген бір жақты ұғым. Ол бастағы айтқанымыздай, теңіне бере алмаған жағдайда ғана. Ал төленетін қалың мал орта есеппен қырық қара, төрт жыртыс болғанымен қыз жақ бұдан пайда таппайды. Бар болса басына ақ отау тігіп береді. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, сауын сиыр, мінер ат. Бір жылдан кейін берілетін енші, жиеннің шұбар тайы мен серкеші  есептелінсе,  ол қалың малдың  құнынан кем түспейді. 

Қыз танысу. Осы кем түсірмеудің бір жолы  «қыз танысу». Қыз жанына бір жеңгесін және бір туысын ертіп жан-жақтағы туыстарын кемінде бір ай аралайды, қоштасады. Барған үйлері оның  дайындалып жатқан төсек-орнына кілем, алаша, сырмақ, киіз үйдің кереге, үзік, туырлық, керме-бау сықылды бұйымдарын және киім береді. Ел-жұртына, түысына. Жекжатына өзі, ата-анасы сыйлар бұл жолы артынып-тартынып келеді. Бұл жолы танысқан қызды қазақ салты бойынша ерекше құрметтейді. Барған үйлері ойын-думан өткізіп, бас қосады. Төсек-орынды дайындауға ауыл-аймақ атсалысады, ісмер әйелдер, зергерлер, тұрманшылар, үйшілер кіріседі. Бәрі дайын болған соң ұрындап күйеу келеді. Есік көргендігідей емес, бұл жолы күйеудің қалыңдығымен бірге болуына рұқсат. Онда да жеңгенің рұқсатымен. Болған шындықтың куәгері-жеңге. Өйткені, ол қыздың пәктігі жөнінде құдалар жаққа да, таңда-мақшарда да жауап беретін қыз жеңгесі ғой.Осы ұрындап келудің мақсаты – келін алып қайту. Сондықтан мұндағы бірге болудың заңын алдыдағы айтылатын кәделерде сөз етеміз.Ұрындап келген күйеу жеке үйге орналастырылады да, қасында кілең жастар, көбінесе балдыздары болады. Ән-күй, әзіл-қалжың дүрілдейді. «Әкенің жақсысы жездедей ақ», - деген бауырмалдық басталады. Ұрын тойында қыздың барлық жасауы ілулі жиюлы тұрады. Жақындардың көмегі туралы әйелдер сыпсыңға басады.   

Қапқа салар.Күйеуге сыйлық. Белгіленген уақытта күйеу жолдастарымен, тиісті тарту, сыйлығымен, той малымен қалыңдық ауылына жүреді. Той басталады. Аттанар алдына қыз әкесі келген жігіттерге сый құрметін көрсетіп, киіт кигізеді. Жаңа күйеуге сыйлық береді, бұл «қапқа салар» деп аталады. Бұл Құданың тұрмыс жағдайына байланысты. Бұл сыйлыққа қымбат киім, ат әбзелі және басқа мал да беріледі. Бұл, әрине, қайын атасының мал бастылығы, атақ абыройы.

Той малы. Тойға сойылытын мал. Күйеу қалыңдыққа келгенде «той малын» ала келеді. Малды осы тойға сояды. Бай құдалар тойға бірнеше жылқы, сиыр не қой әкеледі. Бұған қоса қымбатты мата, басқа да бұйымдар, жеміс, жидек, қант, шай  т.б. Егер оны толық әкелмесе қыздың жеңгелері күйеуге өздерінің риза еместіктерін айтып, келекелеп намысына тие сөйлеген.

Сүт ақы. Ана сүті ақысы. Құда түсуге келген құдаға қыз әкесі осы тойға байланысты мәселелермен түгелдей келіседі. Бұл тойға жігіт бас құдамен келеді. Басқада жақын туыстар мен бірге өзінің таланты, білімдар достарымен келеді. Сыйлықтар ішінде ерекше ырым-кәде  -«сүт ақы» болып табылады. «Сүт ақы» қыздың анасына беріледі.

Жігіт-түйе. «Жігіт-түйе» - бұл сыйлық қыз әкесіне. Тойға арналған кәделерінің бірі. Қызын жақсы, өнегелі етіп тәрбиелегені үшін енесіне «сүт ақы», атасына «жігіт-түйе» сыйлайды. Бұл сыйлық – қымбат киім, түйе, жылқы, ат абзелі т.б. Қыз әкесі батасын беріп ризашылық білдіреді.

Көпшік қыстырар – күйеуді алып келу ушін барған жеңгей күйеудің атына мініп ат көрпенің астынан көпшік қыстырарын алады. Бұл кемінде көйлектік бұлдан кем болмауы шарт.

Шәшу-шашу – күйеубала келісімен ауылдағы ең сыйлы бәйбіише табаққа құрт, ірімшік, табылса, тәтті қосып шәшу шашады. Жұрт мұны жапа тармағай таласа теріп алып жейді.  Бұл қуаныштың белгісі.

Киім ілу – құда-құдағилар келісімен алдын ала дайындалған адам (көбінесе әйел) оларды бір-бірден иемденіп, киімдерін іледі. Кетерде киіндіреді. Сонда киім нелері зат не ақша береді.

Табалдырық кәдесі – құда-құдағилар құданың  үйіне кірерде бір әйел оларды кіргізбейді. Қашан  ырымын алған соң босатады. Мұны табалдырық аттар деп атайды.

Сыбаға асу – құдалар келін орналасқан соң алдымен «есіңе алсақ, ескіден сақта» деп сүрі еттен сыбаға асады. Мұнда құдалардың сыбаға жамбасы міндетті түрде болады. Қазақта бас, жамбас, ұлтабар, асықты жілік, төс дегендердің өздерінің иесі – орны болады. Соғымнан құдаға, басқаға сыбаға беру- қазақта өзгермейтін заң. Қыста келе алмаса, жайлауға көшкенде ұнның арасына тығып апару керек.

Малға бата жасату- сыбаға желініп, шәй ішілген соң арнайы мал әкелініп, бата жасатады. Бұны кейбіреулер ерте, кейбіреулер сахарда сояды. Өйткені құдаларды қашан қайтару-қыз жақтың ырқында. Құдалар келген үйінің тамағын бауыздауына шейін кетпейтін қазақ, мұндайда күпті, сасық кеңірдек болып, ұйқыдан қалжырауы керек. «Құда болсаң, шыда» -дейді қазақ. Малға бата жасаған адам бұл ет желінген соң да тағы бата жасап табаққа кәде салады. Оны табақ тартушы әйелдер бөлісіп алады.

Қыз алар. Қыз алуға келген жігітке қыздың тойында бір табақ етті жігіттің алдына қойған. Табақ әкелген жеңгеге сый ақы беру керек. Осы табақ ет «қыз алар» деп аталған. Бұл дәстүр қазірде оңтүстікте сақталған. Ал қазақ елінің өзге жерінде сақталмаған,  ұмыт болған.

Құйрық-бауыр асату – құдалар сойылған малдың етін жеместен бұрын құйрық-бауыр асатады: үстіне айран құйылған құйрық-бауырды уыс-уыс  қып асатып ауызға симағанын бет-аузына, үстіне жаға салады. Құйрық-бауыр желінген соң құдалар жағы табаққа ырым салады. Бұны табақ әкелгендер тағы да бөліп алады.

Суға тоғыту – құйрық-бауыр асатылғаннан кейін ауылдың біреуі «Үйбай –ау, мына  құдалардың үсті басына не болған? Осы ауылдың құдағи-құдашалары қайда? Бұл ұят. Дереу шомылтып, тазартыңдар» дейді. Сонан соң құдаларды бөгенге құлату басталады. Мұндайда құдалар құлатуға келгендерді ала кетуге тиіс. Қарулылары жалғыз кетпей, сұлү құдағиды, не құдашаны ала түседі.

Бұл кәде көбінесе жазда, онда да жері қолайлы жерде өткізіледі. Қолы жеткендер көлді арнайы жасатады. Аяғын ырымсыз қия баспайтын қазақтың мұнысында да гәп бар. Бірі – сән мен салтанат. Бірі – қазақ ақ нәрсені, тіпті ақ деген сөздің өзін ерекше жақсы көреді. Құдалық та игіліктің алды емес пе. Құйрық-бауыр да осыған бола қосылады. Біреулер дәмді бөлу үшін қосылады, дейді. Бұл оның екінші мәні.

Құдалар сұға тоғытылып болғанның ертеңінде кит беріледі. «Өткенде артық ауыс айтылғанымыз болса, жаңа шомылған сумен тазарады, мына киттей таза болып, қатынасымызды жаңадан бастайық», дегені  бұл.

Киім тігу – қазақ салты бойынша барған құда-құдағилар барған түні ұйықтамау керек. «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылысын» деп, құдалардың бергенін жей беру керек.

Ұықтауға болмайды. Егер ұықтап кетсе киімін   құдалардың бірі  тігіп тастап, айып толеттіреді. Сол үшін ішіп-жеуге де, ұйқыға да, өлең айтысуға да шыдауы керек.  Көңілі дәриядай,  дастарханы таудай қазаққа мұндайда іркү,  есептеу деген болмайды.

Босаға аттар –құйрық-бауыр асатудан кейін күйеулер үлкен үйге шақырылады. Мұны - босаға аттар дейді. Күйеубаланы ата-енесі алдына шақырып, маңдайынан сүйеді. Бірақ көп отырмай бұрынғы үйлеріне барады. Күйеу балаға мал сойылып, оның асықты жілік, төсі тартылады.

Асықты жілік- бұл арада күйеудің ұлттық сыбағасы. Басқа жілік сыбаға болмай, бұның таңдалатыны – мұнда ең алдымен асық бар. Асық балалардың ойнайтын ұлттық ойыншығы. Ол арқылы мергендікке, «хан» ойнап есеп-қисапқа жаттықтырылады. Сондықтан осындай ойын ойнайтын балалары болсын деп, жақсылық тілеп асықты жілікті әдейі тандайды.

Болмаса домалас жілік , кәрі жілік, тіпті белдемеден бұның ешқандай артықшылығы жоқ. Ал, төс адамның  ең аяулы жері. Қазақ бұны да «төстеріңнен төстерің жазылмасын,  төсекте төстерің, дастарханда бастарың бірге болсын» деп берекенің мәңгілігін арман еткен.

Неке оқу – қыз бен жігіттің бірге жату үшін асатын ең биік асуы осы. Бұдан бұрын бірге болса ол - күнә. Бұны нимахрам дейді мұсылмандар.

Қазақта некені молда оқиды. Неке оқылғанда сол бөлмеге адам сыйғанынша жиылады. Бұлар – екеуінің қосылғанына күә. Сондықтан  бұның бәрі неке суынан ауыз тиулері керек.  Неке суы үлкен кеседе болады да, оған су, тұз, қант, сақина салады. Су – екеуінің пәктігіне,  тұз – егер біреуі келешекте опасыздық етіп осы некені бұзса дәм атадыға, қант- екеуінің тату-тәтті өмір сүруіне, сақина неке ескерткіш ету үшін салынады.

Біздің қазақта куәлер некеден соң тарап кетеді. Ал, Шығыстың кейбір мұсылмандарында, жас куәлер қыз бен жігітті жатқызұға апарған тамның төбесіне топырлап шығып алып, төбедегі  тесіктен жатып ап сығалайды (ертедегі тамдардың терезесі төбеде болған ғой). Қыз бен жігіттің жеңгелері құранды ұстап,  бір жалпақ нан, онан соң екеуінің астына төсейтін ақ алып үйге кіргенін де  көруге бұлар ақылы. Жеңгелер ақты төсекке емес, жердегі төсекке салып кетеді...

Ертеңінде екі жеңге келіп күйеу-ұлға «Көңілің толды ма?» дейді. Астыларындағы ақты көреді. Қыз оңды болса, екі жеңге қыз үйне құанышты хабар айтып шүйінші алады.  «Қыз өсірсе, міне, сіздей болсын. Арық аттатпай, ауыр жүк көтертпей, еркекті жолатпай өсіргендеріңізге мыңда бір рахмет». Дегенді естіген ата-ана бір жасап, құданың төрінде өте кеуделі, ер отырады. Алда-жалда бұның керісінше болса әлгі жалпақ нанның ортасын тесіп апарады.

Мұндай қыл көпірде ешкім өтрік айта алмайды. Екі жеңге қолдарындағы құраннан қорқады.

Қазақта мұнша қатал болмағаны нан, екі жақтың жеңгелері де «емтиханды» аз алмайды.

Қыз қашар – түндік жабар. Қазақта ұрындауды қыз қашар деп те атайды. Жеңге екеуне төсек салып, шымылдық құрып, түндік жабады. Қараңғыда жеңге, қалыңдық, күйеу үшеуі қалады. Соннан соң  жеңге алдымен «қолұстатар»  кәдесін бастап, қыздың білегінен жігітке ұстатады. Өзі ыстық, өзі жұмсақ білекке алақаны қарылған күйеудің демі ентігіп, жүрегі дүрсілдеп, денесі дірілдеп қызды өзіне тарткысы келгенімен, алда «шаш сипатар ырымы» тұрады. Мәселе осыған жеткен кезде қызды да, күйеуді де қара тер басып кетеді. Сонан соң  жеңге екеуін шешіндіріп, «қолұстатарға» да «шаш сыйпатарға»да, «көрпе қимылдатарға» да кәдесін алып, екеуінің үстіне көрпе жабады. Түндікті жауып, есікті бекітеді. Жеңге сыртқа шыққанымен, екеуі жатқан іргеде отырып, «тың тыңдан» алғашқы «тіршілікті» естіп бір-ақ  кетеді.  Өз басынан мұны өткізген жеңге таңертеңінде күйеудің  көңіл  күйін қабағынан-ақ жай-жапсарды бірден аңғара қояды. Қалыңдықты тергеп-тексеріп жатпайтындар шалдар, көп қатын алғандар, не жарыместер. Оларға бәрі бір. Жас иіс иіскендеріне мәз. Бірдеме дейін десе, өзі де оңып тұрған жоқ қой.

Шатыр байғазы- неке оқылғаннан кейін келіншек аталатын қалыңдық ертеңінде той тарасымен далаға тігілген шатырға шақырылады.   «Бұл күйеуің екеуінің енді ер жетіп адам болдыңдар. Келешекте шаңырақ иесісіңдер. Біз енді осы құанышқа асығамыз.Бүгіннен бастап қол ұстасып, тізе қосып, ашық жүрулеріңе рұқсат» дегені. Бұл жолғы шатырдың байғазысын ұл жақтың бір құдағиы береді. Өйткені болашақта отау – осылардікі. 

Қоржын сөгу – жоғарыдағы кәделердің арасында қоржын сөгу болады. Бұған әйелдер жиналады.  Қоржынның аузына бір киімдік бұл салынады. Бұл сөккен адамның  сыбағасы. Онаң соң жағалы киімдер – қыздың әке-шешесіне. Тағамды жиылғандар татады.  Бір табақта салынғаны шатыр байғазысы болып жатқан жердегілерге апарылады. Некесі оқылғанға дейін заман қалай болады деп барар жерінің асынан ауыз тимейтін келінге бұл жолы рұқсат.

Мойын тастау – қыз жақ отау көтеріп ұзатса ғана болады. Отау көтерудің тойына сойылған малдың мойыны күйеуге беріледі. Ол тазалап мұжыған соң  түндіктің кішкене ғып ашылған жерінен сыртқа лақтырады. Сүйекті тесіктен шығара алса, «келіншегіңнің бетіндегі мөр тозбай мәңгі сұлу болады екен. Өзің де келіншектің бабын табатын  жігітсің» деп арқасынан қағады. Шығара алмаса жығынды болып, жеңгелеріне айып төлейді. Қазақта сүйекті таза мұжыту «шала қалса келіншегің сүлү болмайды» деп, балаларды тазалыққа тәрбиелеу, міне, осы дан шыққан.

Ат байлар – отаудың шаңырағы котерілгеннен кейін  «Ат байлары мол болсын. Белдеуінен ат, төрінен қонақ кетпесін. Дастарханы жиылмасын!» деп етене жақыны бір ат байлайды. Өзінен бұрын өзгенің қамын көп ойлайтын қаптан секи (жомарт) қазағымның «ат байлар» деген кәдесі недеген жақсы?!

Сәукеле кигізу – сәукеле кигізерде отауға құда-құдағи шақырылады, олар көрімдік атайды. Онан соң қыздың шешесі баласының оң жақтағы үкілі тақиясының орнына сәукеле кигізіп, енесінен байғазы алады. Мұнысы қазақта келіншек болған соң тақия кигізілмейді. Сәукеле- келіншектің киімі. Сол күні құдалар үлкен үйге кеткенше келіншек оны киіп отыруға тиіс. Мұнсыз да ажарлы келінді қарға аунап тұрған Қырымның қызылындай құлпыртып жіберетін бұл бас киімді қыз жақ әдейі шешкізбейді.  Келін болып түскен жеріне барғанда да осымен барып ондағылардың көздерін сүрінтеді. Қазақтар тойға жасануды, киімді ұнатады.

Босағаға ілү – той тарап бір күннен кейін қыз аттанады. Бұл күні күйеу ең артынан аттанып, ата үйінің босағасына бір шапан іліп кетеді. Бұны біреу алады. Бұны ілудің мәнікүйеу ұл: «Осы үйдің, осы босағасынан қол ұзбеймін. Мен де осы үйдің ұлымын. Қашанда ыстық-суығының басы-қасында боламын. Бұған сеніңіздер» деген ишараты. Шындығында да осы үйдің ұлдары сулық киімін төрге ілсе де, майлығын келгенде босағаға іледі емес пе. Бұл киімді тез табұға, жұмысына кетуіне қолайлы орын.

Сатын (ау-жар) – қызды ұзататын күні келін және басқа әйелдер киіз үйдің ішінде болады да, аужар айтатын жігіттер сыртта ат үстінде болады. Еркектер тұрған жақтың  бір үзгі алынып, ашық болады. Қыз ата-анасымен, бауырымен, аға-жеңгесімен, ел-жұртымен қоштасуды өлеңмен жылап тұрып айтады. Теңіне бара алмай кеткен қыздарға көбірек айтылады.

Аужарды көбінесе кетіп бара жатқан қызды жақсы көретін жігіттер, күйеуді жақтыртпаған, қайын сіңілісіне жаны ашыған жеңгелер айтады.

Сыңсу. Ұзатылар қыз қасына жеңгесін алып алыс жақын туыстарына барады. Бұл дәстүр «қыз танысу» деп аталады. Сыңсу – ұзатылар қыздың әні «қыз танысуда» айтылатын. Сыңсудың мазмұны: еркелетіп өсірген ата-анасын, өз үйіндегі бақытты шағын, енді ол күндердің өтіп бара жатқаның, өзі өскен үйінен кететінін әнге қосып, ендігі жерде өзін ұмытпай, сағындырмай еске алып, келіп тұруларын сұрайды. Ән мен өріледі. Өте әдемі көрініс. Бірақ бұл дәстүр қазір ұмытылған.

Жар-жар. Ежелден келе жатқан дәстүр. Қыздың қоштасу кешінде, қыз аттанарда қыз бен жігіт айтысы. Жігіттер: қыздың жыламауын, әкесін қалады деп, өкінбеуін, онда әке орына қайын атасы барып айтады. Қыздар: қайын атаның әкесін қалай ауыстыра алатын айтып, әнге қосады. Жар-жар жақсы келешегі, бақытты шағы болатынын баяндайды.

Аушадияр. Той жыры. Дәстүрі үйлену, қыз ұзату тойында орындалатын ән-жыр. Белгілі ырғақпен, әдемі безендірумен, көркемдікпен, ерекше салтанатпен орындалады. Өкінішке орай қазір аушадияр мүлде ұмытылған. «Аушадияр» қыз ұзату, үйлену тойларында жастарға арналады. Жаңа отбасын құрғалы отырған жастардың жаңа өмірлеріне арнап айтылады. «Аушадияр» аса бай, ұлттық дәстүрмен таза ниеттерімен ұрпақ жалғастыруды білдіреді.

Шарғы. Тұрмысқа шыққан қыз өзінің орамалын сіңлісіне береді. «Енді сен өзінің бақытыңда табу керек»  - белгісі. Бұл рәсім «шарғы салу» деп аталады. Шарғыны алған қызға жолдастары, жеңгелері, келіндері бақыт, мақсатына жетуіне тілектес болады. Бұдан соң шайға отырады.

Жасау. Бұл қыз жасауы туралы. Қазақ халқы қыз жасауына аса мән берген. Қызға жасау: зергерлік бұйымдар, кілем, текемет, сәукеле, қымбатты киімдер, заттар, ыдыс-аяқ т.б. Бай адамдар қыздарына «ақ отау»  да дайындаған. Қыз жасауы берген қалың малдың бағасынан артады. Қыз не берсе, соны алады. Және өз қалағанын да алады.

Қыз көші. Құдалар аттанған соң қыз шешесімен, үлкен жеңгесі мен кіші бауыр , сіңілісі мен арнайы дайындалған көлікке отырады. Ұзатылған қызға артына қарауға болмайды. Құдалар алда, олардан кейін «шаңырақ-түйе» - қыз көші. Соңында әдемі киінген, атқа мінген жігіттер әндетіп, жүріп отырады. Қызды бар салтанатымен жігіттің ауылына әкеледі. Қыз ауылынан шыққан соң бұл көшті «қыз көші» - деп атайды. Біраз жүрген соң «Қыз көшін» «Келіншек көші» - деп атайды. «Келіншек көші» ауыл жанынан өтерде ауыл адамары көшті тоқтатып «Түйемұрындық» сұрайды, алған соң сәт сапар, бақыт тілейді. «Түйемұрындық» -сұрап тоқтату бақыт, береке тілеу болады.

Түйемұрындық. Тоқтатқан көштің кәдесін алған соң, жастарға жақсы тілектерін айтып, риза болып қалады.

Күйеу киімі.  Күйеу болатын жігіттің киімі ерекше болу керек. Күйеу қайсысы-, деп іздемейтіндей. Бас киімі - бөріктің төбесіне үкіні қадайды, етігі биік өкшелі, иығына қызыл шапан жамылады. Бөрікті баса киіп, өзін өте әдепті, бәр жағынан жақсы көрсете білуі керек. Болмаған жағдайда күйеуге айып салынып, күлкі етеді. Күйеу атын балалар алып ойынға айналдырады. Атқа мініп, жарысып, ауылдың арасында атпен шауып көңіл көтереді. Бұл ауылға келген күйеу атына байланысты мақал: «Күйеу атымен күл тасы» деген. Бұл да дәстүрдің бір түрі.

Сүйінші Қуанышты хабар жеткізуші адам «сүйінші-сүйінші» деп келеді. Мұндайда қуанышты үй иесі «қалағаныңды ал» дейді. Немесе оған риза болатындай сыйлық ұсынады. Бұл қуанудың, ризалықтың белгісі. Сүйінші сұраудың да, оның сүйіншісін алудың да ешқандай сөкеттігі жоқ.

 

Категория: қазақтың салт*-дәстүрі | Добавил: solnishka
Просмотров: 8487 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 4.5/4
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]