Главная » Файлы » қазақтың салт-дәстүрі туралы » қазақтың салт*-дәстүрі

сәлемдеме
03.05.2013, 23:13

 

Сәлемдеме Сәлемдеме (дәстүр) – адамдардың бір-біріне деген сыйластығының, құрмет тұтуының айқын белгісі. Олар көптен көрмей сағынысқан адамдардың бір-біріне жіберген қымбат бұйымы, асыл заты немесе жеңсік тамағы, қысқы сыбағасы. Оның қымбат бағалы болуы шарт емес. Сәлемдеме келген адам жіберген адамға ақ батасын, шын ризалығын білдіріп, қатты қуанады.

Көрімдік Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға тағы басқа алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. Мұның маңызы алып,беруде ғана емес жақын-жуықтың адамгершілігін, ниетін, ашыққолдығын да танытудың белгісі ретінде қаралады. Байғазы мен көрімдік екеуі екі басқа ұғым. Көрімдік адамға, жандыға, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.

Базарлық Алыс сапарға саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады.

Жеті ата Жеті атасын білмеген – жетесіз (мәтел). Әр адам жеті атаға дейін жақын туыс саналады. Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұрынғы адамдар бір-бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы осыдан шыққан. Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары таратылады. Олай болса жеті ата: 1. Бала. 2. Әке. 3.Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата. (Ата-тек деген сөз осыдан шыққан). Жеті атаны тарату осылай жіктеледі.

Тыйым«Қызға қырық үйден тыю, ұлға отыз үйден тыю» (мақал). Халқымыздың тәрбиелік құралдарының күнделікті қолданылатын үлгі, өнеге түрлерінің бірі – тыйым. Бұл балалар мен жастарды жаман әдеттерден сақтандырып, жақсылыққа бейімдеуден шыққан педагогикалық ұғым. Осы арқылы олар әркімді теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай істерге қатаң тыйым салған. Ел ішінде тыйым түрлеріне байланысты сөздер көптеп саналады.

Араша Екі адам жанжалдасқанда немесе төбелескенде оның жанындағы адамдар «араша, араша!» деп басу айтуға тиіс. «Араша» деген сөзді естіген адамдар араша беруге яғни жанжалды дереу доғаруы керек. Араша бермей жанжалдасу қазақ әдетінде жоқ. Ондай адамға айып бар.

Құтты болсын айту Бала туған, келін түсірген т.б. сол сияқты қуанышқа «қайырлы болсын» айту ата салтымыз. Ол сол адамдарға деген ыстық ықыластың, қуанышқа ортақ екендігінің белгісі.

Тоқымқағар Жас адам жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Арнаулы мал сойылып сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастархан жасалады, ойын-сауық, өлең, жыр айтылады. Бұл – сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі.

Тізе бүгу Халық әдебімен тізе бүгудің бірнеше түрі, жолы, шарттары бар. Мұның бәрі де негізінен әдептілік, тәртіп заңдарына негізделген. 1. Жұмысы болып бір үйге келген адам шаруасын отырып айтады. Егер тым асығыс болса, ол жайын айтып бір тізесін бүгуі керек. Бұл – шаңыраққа көрсетілген құрметтің белгісі.2. Бұрынғы дәстүрде біреуден бата тілегенде ол адам бір тізесін бүгіп, екі қолын жаяды. Бұл әдет бүгінге дейін сақталған.3. Ұрыста, жекпе-жекте немесе айтыс-тартыста жеңілген жақ немесе кешірім сұраған айыпкер тізесін бүгіп, басын иіп, айыбын төлейді.

Шашу Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүр. Келін түскенде, жақсылық күндерде, алыс сапардан жолаушы келгенде, құда келгенде тағы басқа зор қуанышты күндерде әйелдер құрт, кәмпиттен, күміс теңгеден шашу шашады. Шашылған шашудан тойға қатысушылар теріп алып, ырым қылып балаларына апарып береді. Шашуды әйелдер ғана шашады.

Босаға майлау (салт, ырым). – Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын – жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағады, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде берілуі керек

Біз шаншар (салт). Кең байтақ Қазақстан даласында салт – дәстүрлердің қызықты түрлері көп. Бірақ олар бір-бірінен онша алшақ емес. Соның бірі «біз шаншар». Еліміздің шығыс, оңтүстік жақтарында «жаушы» орнына осы «біз шаншар» салты қолданылады. Ақсақал-қарасақал аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам былай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен анасы қонақтар отырған жерді қарап одан шаншулы бізді тауып алады. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар, құда болайық» дегенді білдіреді.

«Мүше алу Ойын тойда, мерекеде жас жігіттер атпен келіп мүше сұрайды. Жеңгелері оған орамал, сақина айна т.б. мүше береді. Жігіт оны ала қашады. Басқа жігіттер оны қуып алып қалуға тырысады. Қашқан жігіт мүшені өзі ұнатқан қызға апарып береді.

Әке – шешелері жоқ кезінде бойжеткен қыздар оңаша қалып, ойын – сауық ұйымдастырады. Оған (жасырын түрде) жігіттер де қатысады. Бұл мәжіліс құпия өтеді және оны ұйымдастырушылар тек қыздар болғандықтан «қызойнақ» деп аталған. Қызойнақ көп ұйымдастырылмайды,ата – ана оған өз қыздарының қатаң тыйым салған. Оның – мақсаты қыздардың жеңілтектіктен немесе ұятты болып қалудан сақтандырады.

Аузына түкірту (ырым). Ертеден келе жатқан ырым бойынша қазақтар белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, басқа елге белгілі адамдарға жас сәбидің аузына түкіртіп немесе оның отырған орнына аунатып алатын болған. Оның мақсаты-сәби сол адамдардай өнегелі кісі болсын деген ұғымнан туған

Селт еткізер (дәстүр).  «Ұйқыашар» дайындап өздеріне құрмет көрсетіп қызмет етіп жүрген көңілі қалаған бойжеткен қыздарға жас жігіттер сақина, сырға, білезік сияқты ескерткіш сый-сияпат ұсынады. Ол жігіттің «жаман» ойын сезген сезімтал қыздар әрине «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады.

Ұйқыашар (салт). Той мереке (мыс: Наурыз, айт) алдындағы түнде қыз, келіншектер жігіттер ұйықтап қалмасын деп жақсы тағамдардан «ұйқыашар» деген тамақ дайындайды. «Ұйқыашар» қыз, жігіттердің бір – біріне деген сезімі мен махаббатын арттыра түсуге себепші болған.

Көгентүп (салт). Туыс, ілік, жұрағат адамдардың қонаққа келгенде оның баласына ескерткіш, сый ретінде берілетін мал: (қозы, қой, бұзау, құлын, тай, бота, тайлақ, ат). Бұл бала үшін сый, қуаныш болса, оның ата-аналары үшін құрметтеудің белгісі десе де болады. Көгентүп беруді малды ауАшамайға мінгізу (салт). Баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тәрбиелік салттың бірі – осы ашамайға мінгізу салтанаты болып табылады. Жас бала есі кіріп 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, ашамай істетіп қамшы өріп «сен азамат болдың» деген сенімін ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Оны еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдың бірі – осы ашамайға мінгізу арқылы көрінеді. Осы қуанышты сәтте баланың атасы:

Ал ақ тілек, ақ тілек,

Атқа тоқым сал білек,

Атқа да жақсы шаба біл,

Жасыңнан малды баға біл,

Өнеге, өнер таба біл,

Аймағыңа жаға біл,

Атқа міндің, ақ жол болсын -деп бата береді.

Ақ тілекті аналар шашу шашады. Басқа балалар тайғамініп жарысады. Аяғы шағын тойға ұласады.ылдардың әлі де пайдаланып жүргені жақсы, жарасымды салттарының бірі.

Бәсіре (дәстүр). «Жастайынан бағып ем, Бәсіре ғып торы тайым» (Х.Талғаров). Бала туған кезде немесе есі кіріп, оң – солын таныған соң, «сүндет тойына» немесе мектепте барғанда атасы немесе өз әке – шешесі оған тай атайды. Оны «бәсіре» тай дейді. Бала оны ерекше күтімге алады, бағады, үйретеді. Және сол арқылы мал бағуға, еңбекке үйренеді. «Бәсіре» атау баланың көңілін өсіреді, өмірге бейімделеді. Өз қатарына «бәсіре тайым бар» деп мақтанып, өсіп жүреді. Мұның бәрі баланың көңілін өсіріп, ынталандырып тәрбиелеудің бір жолы.

Бастаңғы (салт). ... Жастар «бастаңғы» деп аталатын тамақ істеп бас қосады. (К.Сегізбаев). Үйдің үлкендері жол жүріп кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, «жолаушылардың жолда басы ауырмасын, бастаңғы жаса» дейді. Бастаңғының мәнісі – жастардың сол үйде ойын - сауықта бас қосуы.Дәстүр бойынша бұған тиым салуға болмайды. Бастаңғыны жастар жасайды.

Байғазы (дәстүр). – Уа сатира сарбазы, Адырнаңа байғазы! (С.Әбілкәкімов). Байғазы балалардың, жастардың жаңа киімі үшін (мысалы: қамшы, шана, ер-тоқым) берілетін ақшалай, заттай сый. Байғазы сұраудың еш артықтығы жоқ. Жеңгелері, шешелері «байғазыға байдың қызы» деп те атайды. Байғазы балалардың көңіл – күйін көтеретін дәстүр

Бауырына салу (дәстүр). «Ғайнижамалды қырқынан шыққан соң – ақ бәйбіше Жәкіштен шығарып, бауырына салып, асырап алды. (Т.Жомартбаев). Әдетте қарт аталар мен әжелер алғашқы немересін немесе жақын кісілер өз туыстарының     баласын қолына алып, өз баласындай тәрбиелеп өсіреді, қолқанат қылады. Мұны «бауырына салды» дейді. Бауырына салушы адам баланы өз ата – анасынан ажыратпайды. Баланы екі үйге де тең өсіріп әлпештейді. Әдетте үлкен кісілер мұндай баланың тәрбиесіне өте көңіл бөліп, оларды өнегелі азамат етіп өсіруге, халықтық жақсы қасиеттерді олардың бойына сіңіруге зор ықпал жасайды. Бала ержеткеннен кейін өз отбасына оралуына немесе бауыр басқан үйінде қалуына еркі бар.

Асырап алу (ғұрып). Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы ежелден бар қағида. Мұның да жөн – жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке – шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Осыдан кейін сол үйдің әйелі перзентті болса, онда асырап алған баланы бұдан былай «майқұйрық» деп әлпештеп, оны бұрынғыдан бетер жақсы көреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке – шешесінің аты айтылып, жаназасы шығарылады.

Тұсаукесер (салт).Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата – анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсаукесердің арнаулы жыры бар.

Мысалы: Қаз – қаз балам, қаз балам,

 Қадам бассаң мәз болам.

 Тағы, тағы баса ғой,

 Тақымыңды жаз балам.

 Қаз баса ғой, қарағым,

 Құтты болсын қадамың!

Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды.

Сатып алу» (салт, ырым). Біреудің баласы туысымен шетіней берсе, яғни баласы турмаса, онда одан кейін туған баланы «сатып алатын» ырым бар. Бұл ырым былай жасалады. Елдегі бақсы, балгер кемпір әлгі үйге келіп, «менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім алам» деп нәрестені ата – анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір – екі күннен кейін баланың әке- шешесі әлгі кемпірге барып «бала сатып алады». Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала «сатып алынған» бала болып саналады. Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей баланың өмірі ұзақ болсын деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады. Бұдан шығатын қорытынды қазақ бала өсіруді бақыт санаған. Балалы болуды армандаған. Мұны «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дегенінен – ақ аңғаруға болады.

Иткөйлек (салт). Иткөйлегі жоқ. Өзім тігіп біріп едім. "Ә.Нүрпейсов”. Жана туған нәрестенің алғашқы көйлегін "иткөйлек деп атайды”. Өйкені ол кәдімгідей көйлек сияқты тігілмейді, жөрмелеп, іліп қана тігеді. Бала қырқынан щығарылғаннан кейін әлгі көйлекке тәтті түйіп оны иттің мойнына байлап жібереді. Итті балалар қуып жетіп, шақырып, ұстап, тәттісін боліседі. ”Иткөйлекті” баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады Иткөйлек атының шығуы оның иттің мойнына байлағанында емес, халық итті "жеті қазынаның” бірі деп бағалауында жатыр. Сонымен бірге "баламыз көп болсын” деп, "қиындыққа берік болсын” деген ырым бар. Қазақта итжанды деген сөз оның беріктігі мен төзімділігін айтқаны.

Қырқынан шығару (салт). «Баланың қырқынан шығар тойына Сегіз сері шақырылып, одан балаға ат қойып, бата беруді өтінеді» (Н.Әбдуалиев). Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Мысалы "Жеті жарғы”, ”Жеті қазына”, "Бір тоғыз”, "Үш тоғыз”, "Қырықтың бірі-қыдыр”, деген қағидалар бар огсы сандық ұғымынан пайда болған. Соның бірі- баланы "қырқынан шығару” дәстүрі. Әдетті баланың туғанына қырық күн толган соң оны ыдыска қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Бұл ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып оны сәбидің өзінің киіміне матаға орап қойады. Мұндағы мақсат ертеде сурет болмағандықтан баланың, сәби кезінен ескерткіш ретінде сақтаудан шыққан.

Тымаққа салу (салт). Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы, әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі. Мысалы: қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басынан бала тымақтан алынып, әдетте жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу т.б. (Егер бала қыста туса онда үй қабырғасына бірнеше шеге қағылып ілінеді).

Бесікке салу Бесік қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. «Ел іші – алтын бесік» деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен немесеелдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап «тыштырма» жасап алып, баланы бесікке бөлейді.Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі, таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар» яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады:

Қалжа (дәстүр Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып берілетін тамақ «қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да «қалжа» әкеледі. Бұл - әрі сыйластық, құрмет әрі босанған әйел белін тез бекітіп, сауығып кетсін деген тәрбиелікмақсаттан туған елдік дәстүр, ғұрып.

Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата-енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.

«Шаңырақ түйе» (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырақ түйе» деп аталады. Және ол келін үшін ыстық қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса оны көрген жұрт «пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген. Ертедегі салт бойынша көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан.

Жасау (салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай- Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген.Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әсем әшекейлі тағмдар қыздарға берілетін болған.Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.

Ау-жар (салт, айтыс). Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, тұған ел-жұрттан бөлініуі, жат босаға аттау оңай іс емес. Осының бәрін тәжірибелі де, тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Тағы бір қызығы қыз жылап қоштасқанмен ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің де белгісі. Дегенмен қыз ауылының қыздары мен жігіттерінің де қимастық көңілдері де көрінбей қалмайды. Олар «жар-жардан» кейін де өлең-жырды үстемелей жүріп айтыс түріндегі «ау-жарды» тағы бастай жөнеледі. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт жолында жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау-жар», біресе «ай-ау», біресе, «бике-ау», біресе «үкі-ау» деп те айтыла береді. Олардың мынадай үлгілері бар:

Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сәні, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірке әкелген көп жасағыз жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп, ұмыт қалған.Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады. Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім-тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет-салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ мәдени қазынамыз да, өнеріміз де еске түсер еді.

  «Қынаменде» (дәстүр) «Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?»(Абай). Бұл да ұлттық ғұрыпымызда салтанатты да, көңілді кештің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. Шығыс халықтарында «қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатаржүргізілетіндіктен «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. (КСЭ.7 том). Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы.  Күйеудің бұл жолы әр  жерде әр түрлі аталатынын да айта кеткен жөн. Мұны кей жер  «қалыңдық  ойнау» дейді, кей жерде «ұрын келу» дейді. «Бір күні күйеу байғус ұрын келді, Қйсайтып жаман бөркін қырын келді» (НАхметбеков).

     Қазақ үшін әсіресе жеңгелер мен жастар үшін  бұл да бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше «көрінбеген» болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас-жораларымен келеді. Мұны «есік көру» көбінесе «ұрын келу» деп айтады. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын  көріп танысып-білісіп, тілдесіп көңілін демдейді.

   Әрине «ұрын келудің де кәде-жораларын аз емес. «Сені күтіп жүгіреміз деп ентігіп қалдық» деп «ентікпе» сұрап жеңгелері келеді, «балдыз көрімдік» деп тағы біреулері келеді, тағы да сол сияқты.

  «Ұрын той» өткізіліп күйеуге және оның жолдастарына құрмет көрсетіліп, сый тартылып, олар еліне қайтады.

   Құда түскенімен, келісім жасалғанымен күйеудің қыз ауылына «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс-туғандары (аға-інілері) қазақ әдет- ғұрыпын бұзғаны, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге оның тәрбиелік ереже-қағидалары тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді.

  Күйеу кәделері мен ырымдары тағы бар. Олар мынандай: ұрын кеу, есік ашар, ентікпе, балдыз көріндік, күйеу табақ, сүт ақы, жігіт-түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар үзік жабар, туырлық, майын тастау, ілу, қыз қашар, шашу қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар күйеу аттандырар, т.б.

  «Өлі-тірі» (дәстүр). Екі жақ келісімі нығайған соң күйеу жағынан құдаларына бір білікті адамды бас етіп «өлі-тірі» яғни кәделі мал-жылқы жіберіледі. «Өлі-тірі» деген – «өлі мен тірі арасында адалмыз, құдай қосқан құдалығымыз ақиқат» деген ұлттық ұлағатты ұғымды білдіреді. Бұл үлкен кәделі әрі маңызы жол-жоралғы, құдалық бекіді деген сөз. «Өлі-тірі» өткен соң өлген күйеу жатпайды» деп бұдан кейін қалыңдығына «ұрын» баруына жол ашылады.

Балдыз қалың    Кейде қалыңдық қайтыс болатын жайлар кездеседі. Мұндайда қалың малын төлеген болса, онда сол үйдің екінші қызын алуға құқы бар. Егер ер жігіт қалыңдығына ұрын барып, ол үйдің басқа қызы болмаса төлеген малдың жартысы қайтарылады. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын барған күйеу енді балдызын алатын болса, онда бұрынғының үстіне «балдыз қалың» төлеуге тиіс. Оған түие бастатқан бір тоғыз қосылады.Күйеу бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса «балдыз қалың» төленбейді.

Категория: қазақтың салт*-дәстүрі | Добавил: solnishka
Просмотров: 33778 | Загрузок: 0 | Комментарии: 58 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]