Главная » Файлы » қазақтың салт-дәстүрі туралы » қазақтың салт*-дәстүрі

ереулік
03.05.2013, 23:15

 

 

Ерулік[1] — дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісі. Жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз татырып, ықылас-пейіл білдіреді. ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсіретпеуді де көздейді. ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен (қазы-қарта, жал-жая, т.б.) пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады

Қазақтардың қонақжайлылық қасиеті және өзара көмек жөніндегі әдет-ғұрыптары

Қазақтарда ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптың бірі - дәм ауыз тию. Үйге бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбейінше жібермейтін — «Қуыс үйден құр шығармайтын».

. Далалық көшпелілердегі кеңінен таралған әдет-ғұрыптардың бірі - қалау. Үйге келген қонақтың сол үйдегі өзіне ұнаған заттың кез келгенін қаладым деп айтуына болады, ал үй иесі ол затты міндетті түрде беруі тиіс. Мұның өзі де адамдар арасындағы достық қарым-қатынастың негізін қалайтын. Анасы аман-есен босанып, дүниеге жас нәресте келген соң тап осы әдет-ғұрып бойынша кіндік шешенің де өз қалауын айтып, ұнаған нәрсесін алуына болатын.

Қымызмұрындық - қымыз ашыту маусымының басталуына байланысты әдет-ғұрып. Ауыл адамдары бірін-бірі шақырысып, қымыз ішер алдында арнайы дастарқаннан тамақ жеседі. Қымызмұрындыққа шақырған үй иелеріне ауыл ақсақалдары ақ батасын береді.

 Қазақтарда жылу жинау әдет-ғұрпы да бар болатын. Оның мәні кездейсоқ жағдайда үйі өртеніп кеткен немесе дұшпанның шабуылынан, қатал қыстың ауыртпалығынан, су тасқыңынан, аштықтан зардап шеккен отбасыларына ауылдас немесе туысқан адамдардың көмек; көрсетуі болып табылады. Олар зардап шеккен жандардың алдына қолдарынан келгенінше мал салып береді, киім-кешек, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ жағынан көмек көрсетеді, бастарына шаңырақ көтеруіне жәрдемдеседі. Мұның өзі зардап шегіп, қиналған ағайынға жаны ашынғандықтың, қамқорлық жасағандықтың көрінісі еді. Мүмкіндігі бола тұрып, ондай көмек көрсетуден бас тартқан ағайын-туыс ру ішінен қуылып, аластатылатын. Ал мұндай жазаға кесілгендер өз руының тарапынан жанашырлық жақсылық дәмете алмайды. Өйткені ондай құқықтан айырылған болып саналады. Оларды кез келген қарақшы аяусыз тонап кете алатын.

Қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып та кеңінен тараған. Оның мәні белгілі бір себеппен бөлшесінен қарызға батып, оны төлеуге жағдайы жоқ туысқан адамға рулас ағайын-туғандарының көмек көрсетіп, қарызынан құтылуына көмектесуі болып табылады. Мұндай көмек ауыл ақсақалдары кеңесінің шешімі бойынша көрсетіледі. Қазақтардың ауызбірлігінің, өз жақындары мен туыстарына жанашырлықпен жәрдем жасауының бір көрінісі міне осындай.

Дала тұрғындарының дәстүрлі әдет-ғұрыптарының бірі — асар. Онда ауыл тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірлесе жұмылып, біреудің белгілі бір жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал қорасын салып беруге, сондай-ақ құдығын қазып беруге жұмыла көмектеседі. Асар ауылдас отырған рулас адамдардың туысқандығы мен ынтымақ бірлігінің жарқын көрінісі болып табылады. Асарға шақырылғанда оған бармай қалу әдепсіздік саналатын. Қазақтар XX ғасырдың бас кезінде осы әдет-ғұрыпты пайдаланып көптеген жерлерде зайырлы мектептер және мешіттер салып алды.

Әдептілік пен сыпайылық әдет-ғұрпы

Екі қазақ кездесе қалғанда жасы кішісі жасы үлкеніне «Ассаламағалейқұм!» деп бірінші болып сәлем береді. Жасы үлкен кісі оған «Уағалайқұмассалам!» деп жауап қатады. Тек содан кейін ғана егжей-тегжейлі аман-саулық сұрасады. Бұлай сәлемдесу бірін-бірі тіпті танымайтын адамдар үшін де міндетті болып саналады.

Дала тұрғындарына тән әдептілік пен сыпайылық, кішіпейілділіктің бір көрінісі — үлкен кісінің есіміне әке (еке) сияқты жұрнақ сөз қосып айту. Мәселен, Қазбек — Қазеке, Диқан — Дәке, Бауыржан — Бауке сияқты айтылады. Мұны XX ғасырдың бас кезінде белгілі орыс ғалымдарының бірі Л. Баллюзек те байқаған: «Қырғыздардың сыпайылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігінің бір көрінісі — жасы үлкен кісілердің есіміне еке (әке) сөзін қосып айтуы».

Жас келіндер ер азаматты ерекше құрметтеудің белгісі ретінде күйеуінің жақын туысының атын атамаған. Күйеуінің әкесі мен шешесін ата, ене деп атаған. Күйеуінің іні-қарындастарын шырақ, жарқын, айнаш, гүлім, бауырым деп еркелете ат қоятын. Өзге туысқандарына да жаңа әрі жарасымды ат ойлап табатын.

Қазақтар екіқабат әйел мен жасы үлкен адамның алдын кесіп өтуді әдепсіздік санаған. Келіндер атасының, қайын ағаларының көзіне түспеуге тырысқан.

Отағасы үйде жоқ кезде ересек ер адамның үйге түсуіне рұқсат етілмеген. Қазақ даласының мызғымас заңы, міне, осындай еді. Қазақтар үйге бас сұғар алдында қару-жарағын әрқашан тыста қалдыратын. Ал ханның алдына қамшы ұстап кіруге де болмайтын.

Алыс сапардан немесе жәрмеңкеден қайтып оралған адам өзінің жақын туыстары мен көршілеріне әр түрлі сыйлықтар - базарлық ала келетін. Ауыл ақсақалдары тамақ үстінде үлкен табақтан жасы кішілерге асату жасайтын. Егер кімде-кім әлдебір жаңа киім кие қалса, бағалы затқа ие болса, оған жақын туыстарының, дос-жарандарының байғазы беру әдет-ғұрпы болған.

Әйелдер үйде қалған балалары мен жақындарына мереке-тойларда болған жерлерінен сарқыт ала келетін. Мұның өзі, бір жағыман, тағамға деген құрметті білдірсе, екінші жағынан, болып өткен мереке тойлардан үйде қалғандардың да дәм татып, қатысты болғанын сезінуге тәрбиелейді. Қазақтарда көптен бері көрмеген жақын-туыстарына қымбат бағалы заттардан, әдемі естелік бұйымдардан, қазы-қарта, мүшелі жіліктерден, сүр еттерден сәлемдеме беріп жіберу әдет-ғұрпы да болған.

Сәлемдемені алған жақ шын ниетімен разы болып, ізгі батасын беретін. Базарлықтар мен сыйлықтарды туған-туыстар, дос-жарандар мен көрші-қоландар өзара бөлісетін.

Дала тұрғындары бір-біріне қуанышты хабар жеткізгенде сүйінші сұрайтын әдет-ғұрып та болған. Қуанышты хабар жеткізген адамға жақсы сыйлық жасалатын. Саят құру кезінде жас аңшы бағалы олжасын өзімен бірге аңға шыққан адамдардың жасы үлкен ақсақалына байлайтын. Ол мұны дәстүр бойынша өз еркімен жасаған.

Қазақта ежелден бар тұрмыстық әдет-ғұрыптың бірі - ажырасу аяқ. Оның мәні ауылдың бір түрғыны басқа бір алыс жаққа көшіп кетерде ағайын-туғандарымен, көрші-қолаңдарымен қоштасу ретінде ажырасу аяқ деп аталатын тамақ беруінде болатын. Ауылдастарына айтпай, үн-түнсіз көшіп кету көргенсіздік, тәрбиесіздік саналатын. Ал көшіп бара жатқан жақ өздерінің туған-туыстарына, құрметті ауылдастарына көзіміздей көріп жүріндер деп, естелік сыйлықтар қалдыратын. Ал ауылдастары өз кезегінде ризашылығын білдіріп, көш көлікті, барған жердегі қоныстарың құтты болсын айтысып, ақсақалдар ақ баталарын берісетін.

Жастар алыс жолға аттанарда не үй болып, шаңырақ көтерерде жасы үлкен ақсақалдардың алдынан өтіп, ақ батасын алатын. Қазақтар жасы үлкен әрі құрметті адамдардан мұндай батаны жауға аттанарда да тілейтін.

Тамырлық әдет-ғұрпы

Қазақтардың арасында достасып-бауырласу немесе тамыр болу әдет-ғұрпы да кеңінен тараған. Бұл рәсім куәлардың көзінше салтанатты жағдайда өткізіліп, нығайтыла түсетін. Рәсім кезінде екі дос қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, мәңгі адал дос болуға серттесіп, ант ішісетін. Олар бір-біріне мәңгі достықтың белгісі болсын деп қымбат бағалы бұйымдар ұсынатын. Дос-жаран, тамырдың үйінде қашан болса да қонуға болатын, ал үй иесі оған қолдау көрсетіп, қамқорлық жасайтын.

Отбасы және неке саласындағы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер

Сөз болып отырған кезеңде қазақтарда отбасы мен некеге қатысты сонау ежелден келе жатқан бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері болатын. Дүниеге келген жас нәрестеге оның құлағына азан шақырып ат қойылатын. Жасы үлкен туысқандардың бірі Құраннан аят оқып, нәрестенің атын оның құлағына үш рет қайталап дауыстайтын.

Ер бала 3,5 және 7 жасқа толғанда оны сүндетке отырғызу рәсімі өткізілетін. Сүндет тойына қонақтар шақырылатын, ат шаптырылып, спорт жарыстары өткізілетін.

Ата-ана өздерінің ұлын үйлендіру қамын әрқашан ойластырып жүретін. Болашақ келінді бала кезінен іздестіре бастайтын. Тіпті балалар дүниеге келмей жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Құдаларды өнегелі, құрметті, текті жерден іздестіретін. Құда түсудің салт-дәстүрлері бойынша арнайы рәсім өткізілетін. Қазақтарда жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға қатаң тыйым салынатын.

Баланы үйлендіруге қатысты әдет-ғұрыптардың реті мынадай болатын: құда түсуге алдын ала келісу, ата-ананың құда түсуі, күйеудің қалыңдыққа ұрын баруы, келін түсіру тойы, неке қию рәсімі. Ұзатылатын қыздың әкесі құда түсіп келген құдаларға құйрық-бауыр жегізетін. Бұл салт-дәстүр құдалық рәсімінің орындалғанын көрсететін. Ал құдалық екі жаққа да белгілі міндеттер жүктейтін. Құдалықтан айнуға болмайтын.

Құда түсудің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін жігіт жағы қыздың калыңмалын төлейтін. Қалыңмал әдетте мал басымен есептелетін. Оның мөлшері құда түсушілердің қаншалықты бай, ауқатты екендіктеріне қарай белгіленетін. Қалыңмалдың мөлшері 5 жылқыдан 1000 жылқыға дейін жететін. Үйлену тойы кезінде құдалар бір-біріне кит кигізетін болған. Ол түрлі қымбат бағалы киімдерден, мата кездемелерден, мал басынан тұратын. Құдалар жағы бір-бірімен қоржын алмасып, өзара сыйлық жасасатын. Үйлену тойының әдет-ғұрыптары неке қию рәсіміне ұласады. Қазақтардың дәстүрлі қоғамында қыздың жасауын берудің де зор маңызы болды. Жасау қыз баланың жас кезінен әзірлене бастайтын. Қыздың жасауына киіз үй, кілем, текемет, сырмақ сияқты бұйымдар, киім-кешек түрлері мен ыдыс-аяқтар, әр түліктен тұратын мал басы және басқалары кіретін болған.

Күйеуі өліп, жесір қалған жае әйелге күйеуінің жақын туыстарының біреуі әмеңгерлік жолымен үйленуге құқықты саналатын. Көшпелі қазақ халқының өмірінде мұның әлеуметтік маңызы үлкен болды. Әйел ерден кетсе де елден кетпеді. Марқұм болған адамның балалары өз руының, өз туысының қарамағы мен қамқорлығында қалды, жат жұртқа жіберілмеді. Өйткені олар өз туыстарының арасында жетімдік көрмейді, бейшаралық халге душар болмайды. Сондықтан да құдалардың арасы суыспайды. Егер біреудің отбасы перзент көрмесе немесе баласы тұрмай, шетіней берсе, ол алдын ала келісім бойынша, өз туыстарының бірінің баласын бауырына басып, асырап ала алатын.

Жеке шаңырақ көтеріп, ата-анасынан еншісін алып шыққан жас отбасында күнделікті тіршілігіне қажетті нәрсенің бәрі де — отауы, төсек-орындары мен үй ішінің жабдықтары, есік алдында малы да болатын. Ежелден келе жатқан әдет-ғұрып бойынша ата-анасының қолында кенже ұлы қалып, қара шаңыраққа бүкіл мал-мүлкімен қоса иелік ететін. Қазақтар өздерінің ата-анасын ешқашан тастап кетпейтін. Даланың жазылмаған бұл әдет-ғұрпын бұзғандарды қазақтар нағыз жексұрын, жауыз жандар ретінде жек көрді.

Бата беру

Қазақтарда бата беру әдет-ғұрпы кеңінен етек алды. Ол әрбір іске кірісер алдында міндетті саналатын. Бата поэтикалық тілмен жалпы жұртқа қарап тұрып беріледі. Онда бата беруші адам езгелерге ізгі жақсылық, табыс тілейді Батаны жасы үлкен адам немесе жолы үлкен қонақ беруі тиіс. Бата беруші Жаратушы Алладан бақытты өмір, материалдық байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды өзінің жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі. Бата беру «әумин» деген сөзбен аяқталады.

Бата адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, ол жастарды, ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда әркім ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Ислам дінінің таралуына байланысты бұл дәстүр бұрынғысынан да күшейе түсті. Қайтыс болған адамның үй-іші мен туған-туыстарына көңіл айту кезінде де бата беріледі, марқұмның өзіне де, артында қалған үрім-бұтағына да ізгі тілектер білдіріледі.

Бала тәрбиесі

Қазақтар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қазақтың дәстүрлі тәрбиелік үлгі-өнегелері ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады.

Жиналып тұрған топқа жақын келген адам оларға бірінші болып сәлем беруге міндетті. Атты адам жаяу кісіге, жасы кіші үлкендерге бірінші болып сәлем береді. Алға келген астан алдымен жасы үлкен адам дәм татады. Тамақ ішіп отырған кезде көп сөйлеуге болмайды. Балаларға жақсы тәрбие, үлгі-өнеге беруде мақал-мәтелдердің атқаратын рөлі зор. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын аңдап сөйлейтін сақтыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды. Мәселен, «Аққа Құдай жақ», «Батырдың күші - айласында», «Асықпаған арбамен қоян алады», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды», «Жаздың бір күні жылға азық», «Жақсыда жаттық жоқ», «Жаман үйді қонағы билейді», «Жақсы жігітке жеті өнер де аз» сияқты мақалдардың тәрбиелік маңызы зор.[1]

Категория: қазақтың салт*-дәстүрі | Добавил: solnishka
Просмотров: 6626 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]